Аргентина құрамасы Әлем чемпионы атанды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Футболдан Қатарда өткен теңбіл доп аламаны өз мәресіне жетті. Финалда Аргентина мен Франция құрамалары кездесіп, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Жексенбінің кешінде өткен финалда барша әлем жанкүйерлері екіге бөлінді. Бірі Францияның қатарынан Әлем біріншілігінің екінші жеңісіне қол жеткізетініне үміт артса, қарсыластары  осы жолы Мессидің асығы алшысынан түсетініне кәміл сенді. Матчтың бірінші минуттарынан бастап, Аргентина аяқдопшылары ойын тізгінін өз қолына алды. Лионель Скаллонидің жігіттері алаңның әр бөлігінде жанкешті әрекет жасап, француздарға шабуылдауға мүмкіндік бермеді. «Альбиселеста» аяқдопшылары орайы туғанда Уго Льористің қақпасы маңынан табылып жатты. Нәтижесінде Анхель Ди Марияға берілген пастан соң, ойыншы Усман Дембеленің алдын орап айып алаңына енді. Есепті ашуға жол бермеу мақсатымен «Барселона» шабуылшысы аргентикалықты шалып жықты. Осылайша 23-ші минутта кездесудің бас төрешісі Шимон Марчиняк пенальти белгіледі. Нүктеге келген Лионель Месси мүлт кетпеді. Кейін аргентиналықтар қорғанысқа ден қойып, тек қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Соның бірінде Анхель Ди Марияға берілген допты ол голға айналдырды. Есеп айырмасын қысқарту үшін Дидье Дешам бірінші таймның аяғында екі ойыншыны алмастыруға бел буып, алаңға Оливье Жиру мен Усман Дембеленің орнына Маркус Тюра мен Рандаль Коло Муаниді шығарды. Алайда бұл ауыс-түйіс бірден нәтиже әкелмей, алғашқы 45 минут 2:0 есебімен Аргентина пайдасына аяқталды.

Кездесудің екінші бөлімінде француздар тек 80-ші минуттан бастап, шабуылдарда батыл қадамдар жасауға ұмтылды. Алдымен Франция қақпасына 11-метрлік айып добы белгіленіп, Киллиан Мбаппе оны сәтті орындады. Артынша тағы бір шабуылды ұйымдастырған Дидье Дешам шәкірттері көзге түсіп, Киллиан таразы басын теңестірді. Ойын экстра-таймдарға ұласты. Алғашқы 15-минуттық тайм еш нәтиже бермеді. Ал екіншісінде Аргентина ғаламат шабуылдың арқасында қайтадан алға шықты. Лаутаро Мартинестің ауыр соққысын қайтарған Уго Льорис допты дәл Мессидің аяғына салып берді. Лео еш қателескен жоқ. Уақытты созып, есеп басымдығын ұстап қалуға тырысқан аргентиналықтардың ойы іске аспады. Шабуылдардың бірінде Киллиан жасаған соққыдан кейін доп қорғаушының қолына тиді. Төреші мүдірместен пенальти белгіледі. Нүктеге келген Әлем біріншілігінің үздік сұрмергені есепті теңестіріп қана қоймай,  Франция жанкүйерлерінің жүрегіндегі үміт отын жандырды.

Пенальти сериясында қос бапкер де жеңістен дәмелі еді. Бұл Әлем біріншілігінің лотереясында Аргентина командасының қақпашы Эмилиано Мартинес шеберлік көрсетіп, Кингсли Команның соққысын қайтарды. Тағы бір франциялық ойыншы Орельен Чуамени өз мүмкдігін мүлт жіберіп, бағыттаған добы қиыс кетті. Нәтижесінде 4:2 есебімен Лионель Месси жетелеген құрама чемпион атанды. Аргентина осымен үшінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Олар 1978 және 1986 жылдары да жаһандық додада топ жарған.

Фото: ашық дереккөздерден. 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz