Елімізде баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен іліспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау шараларының тиімділігін арттыру.

— Көптеген зерттеуге қарағанда, тұрмыстық құқық бұзу әрекеттерінің толастамауына 2017 жылы отбасындағы зорлық-зомбылыққа жаза декриминализацияланғаннан кейін осындай салдарларға тап болдық. Бүгінгі заңнамалық түзетулер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Біріншіден, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылған. Егер 2017 жылдан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде болған 73-1 бабы — Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін, 73-2 бабы (ұрып-соққаны үшін) Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінен алынып, енді Қылмыстық Кодекске «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру», «Ұру» жаңа баптары криминализацияланып, енгізіліп отыр, — деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Атап айтқанда, 108-1-бабы, яғни Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды ескеріп отыр.

109-1-бабындағы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған.

— Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Сонымен қатар жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру ескерілген. Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма бар. Жаңа редакцияда педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. Кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды, — деді депутат.

Азаптауға байланысты жаңа норма жаңа құрамда қарастырылды. Жаңа редакцияда азаптау үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ескерілді.

— Қылмыстық Кодексте 98-3 жаңа бабы қарастырылып отыр. Бұл ретте, Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгілеу ұсынылды. Осы баптың негізінде құқық бұзған адамдарға тек жазаны күшейтумен қатар, сот шешімі бойынша керек деп таныған кезде медициналық ұйымдарда психологиялық көмектен өту мүмкіндігі қарастырылды. Бұдан бөлек, азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдану мүмкіндігі көзделген норма ұсынылды. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша немесе қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойынша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге жәбірленушіні іздестіруге, оған баруға, ауызша және телефон арқылы келіссөздер жүргізуге, онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгілеуі қарастырылды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық Кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. Бұл тұрғыда суицидке итермелеу және суицидті насихаттағаны үшін жаза ұсынылды. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу қарастырылды.

Заң жобасында интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету қадамдары ұсынылды. Бұл ретте, әлеуметтік маңызы бар нысандарда (тамақтану, білім беру, сауықтыру, емдеу және т.б.) кедергісіз тексеру жүргізу жөніндегі нормалар көзделген. Осылайша, интернаттарда мемлекеттік бақылау алдын ала хабардар етпей жүргізілетін болады. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін міндетті лицензиялау ұсынылады.

— Басты назар аударуға тиіс мәселе — жаңа Заң шаңырақты шайқалтуға емес, отбасын нығайтуға бағытталған. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шешу қоғамның барлық деңгейінде бірлескен күш-жігерді қажет етеді, — деді депутат.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz