Жидек теріп жүрген әйелді аңшы емес, полицей атты деген күдік бар

Авторы: Qyzyljar News

СҚО-да жидек теріп жүріп оққа ұшқан әйелдің туыстары марқұмды аңшы емес, полиция қызметкері атты деп күдіктенуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

11 шілде күні жидек теруге шыққан Алтынай Мұздақбаеваның кеудесіне оқ тиіп, қаза тапты. Тәртіп сақшыларының нұсқасы бойынша, әйел адамды аң аулауға шыққан азамат байқамай атып тастаған. Алайда, Бауман станциясының тұрғындары бұған мүлдем сенбейді. Олар учаскелік инспектордан күдіктеніп отыр. Әсет Байжиенов зардап шеккен Алтынай Мұздақбаеваны алғашқылардың бірі болып көрген.

-Рөлде Лосеня отырды. Мына жерде Қабай тұрды. Әйел адамның беті қан-қан болып отырды. Учаскелік инспектор қасыма келіп: «Жараланған тұрғынды алып бар», — деді. Мен қорқып қалдым, оның үстіне әйелдердің марқұмға оқ ақ машина жақтан атылғанын айтып жатқандарын естідім. Содан кейін қолыма екі телефон берді. Мен уайымдап, ала алмадым, — деді Әсет Байжиенов.

Оққа ұшқан әйел аудандық ауруханаға бара жатқан жолда көп қан жоғалтып, мерт болды. Марқұмның қазасына қатысы бар деген күдікпен Сергей Лосеня ұсталған. Алғашында зейнеткер өзінің атпағанын айтып ақталды. Алайда, келесі күні қылмысты өз мойнына алған. Бұрын ер адаммен бірге тұрған Ольга Федорченко Сергей көзі нашар көргендіктен, осыдан бірнеше жыл бұрын аңшылықты қойғанын айтады. Оның айтуынша, зейнеткер 7 жыл бойы өз бетімен жаза да алмайды екен.

-Олар айғақ-дәлелдердің көзін құртқан. Тіпті, мылтықтың қай жерден атылғанын да білеміз. Сергейдің неліктен мойындап отырғанын түсінбей қойдық, — дейді Ольга Федорченко.

Ауыл тұрғыны атылған мылтық қайда екені әлі күнге дейін белгісіз. Күдікті қаруды көлге лақтырып жібергенін айтқан. Бірақ, сүңгуірлер қанша іздесе де, мылтықты таба алмады.

Қаза болған Алтынай Мұздақбаеваның күйеуі нақты қылмыскердің табылғанын қалайды.

— Біз әділдік орнаса дейміз. Сергей Лосеня оны өлтірген жоқ. Жұбайымды учаскелік инспектор атты. Астанадан мамандар келіп, істің анық-қанығына көз жеткізсін. Жамбыл ауданының полициясы 1 апта өтсе де, жұмысында нәтиже жоқ. Лосеня жай ғана көлік рөлінде отырған, ол жерде тағы 2 адам болды. Барлығын зейнеткерге жауып отыр, өйткені басшылық қызметкерлері үшін жауап береді, — дейді Ғалымжан Мұздақбаев.

Жамбыл ауданының прокуроры Талғат Төлегенов Алтынай Мұздақбаеваның өліміне қатысты сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

— Істің мән-жайын анықтау үшін барлық дәлелдер мен куәгерлердің айғақтары тексеріледі. Сотқа дейінгі тергеу, сондай-ақ жедел — іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша қылмысқа қатысы бар адамдардың іс-әрекеттеріне баға берілетін болады», — деді ол.

Егер ауыл тұрғыны кінәлі деп танылса, ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz