СҚО-да жылқы белгісіз ауруға шалдықты

Авторы: Qyzyljar News

Өңірде жылқы арасында белгісіз ауру тарап жатыр. Тұяқтылардың қызуы көтеріліп, жөтел қысып, жүре алмай қалады. Тіпті кейбірінің мұрнынан маңқасы ағып, әлсірейді. Жануарлардан сынама алынып, елордадағы зертханға жіберілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Есіл ауданы Чириковка ауылында жылқы артқы аяғын баса алмай қалып жатыр. Жануарлардың белгісізауруға шалдыққанына 1 апта болды.

— Алдында екі-үш жылқы осылай ауырып қалған еді. Бірақ біз оған аса мән бермедік. Бүгін міне тағы үш жылқы ауырып тұр. Басында тек жөтел пайда болады. Артынша артқы екі аяғын баса алмай қалады. Қолымыздағы дәрілердің ешқайсы көмектеспей жатыр. Жағдай қиын деуге болады. Жалпы бізде «WhatsApp» желісінде жылқышылардың тобы бар. Ондағы жігіттер де осындай ауру пайда болғанын жарыса жазып жатыр. Қазір бұл ауру Аққайың, Тайынша аудандары мен Бескөл ауылында да анықталған көрінеді. Олардың айтуынша бір екпе бар екен. Ал оның бағасы 75 мың теңге тұрады. Ол 25 жылқыға жетеді деп естіп жатырмыз. Бірақ, оны қайдан алатынымызды, не екпе екенін білмей отырмыз. Ауылға ветеринарлар келіп, тексеріп жатыр. Бірақ олардан нақты жауап жоқ. Негізінен былтыр Ақтауда (Маңғыстау обл.) осындай ауру тараған еді. Бұл ауру соған ұқсас болып тұр. Сондықтан қырылып қала ма деп қауіптеніп жүрміз, — дейді Чириковка ауылының тұрғыны Нұрлан Зағыпаров.

Ауыл тұрғындары мен ветеринарлар жылқының қандай ауруға шалдыққандарын таба алмай дал болып жүр.

-Сол көбіне жөтел болып тұр. Не ауру екені түсінбей қойдық. Ауру ма, әлде суықтан ба? Оны да білмейміз. Жөтеліп жүргеніне бір аптадан асты. Жөтелден басқа маңқасы ағады. Сосын әлсірейді. Ширақ қимылдамайды. Тіпті жатып қалады. Қазір жылқының бәрі бірге жүр. Мұндай жағдай бұрын болған емес. «Сақау» деген ауру бар. Ол күн ысыған кезде пайда болады. Бірақ бұл оған жатпайды. Биылдыққа «Сақау» ауруы ауылда анықталған жоқ. Және ауырып жатқандары — көбіне үлкен биелер. Ал, құлындар ойнақтап, емін-еркін жүр, — дейді жылқышы Самархан Сәдуақасов.

Ветеринарлар ауру малдан сынама алып, Нұр-Сұлтандағы арнайы зертханаға жіберді. Қорытындысы бірнеше күннен кейін дайын болады.

-Егер қандай да бір жұқпалы ауру анықталатын болса, онда диагнозы белгілі болғаннан кейін нақты іс-шараларды жүргіземіз. Одан қалды шектеу шаралары да енгізіледі. Ал қазір біз өзіміз симптоматиялық түрде ем жүргізіп жатырмыз. Ауырған малды бөліп, оларға вирусқа қарсы антибиотик және жалпы организмді жақсарту үшін түрлі екпелер салып жатырмыз. Әзірге бізде Есіл ауданынан ғана осындай ақпарат келді. Бұрын біздің өңірде мұндай ауру мүлдем тіркелмеген, — деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Әзірге белгісіз аурудан мал басының шығыны жоқ.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz